• Наш профиль

            •  

              КОЛЛЕДЖ   ТАРИХЫ

               

                       Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармысының Құлан ауылшаруашылығы колледжі  Қазақстандағы ең алғашқы білім ордасының бірі.

              Орынбор  қаласында өлкелік ветеринарлық және зоотехникалық техникумды  ашу мәселесі Қазақ АССР-ның Егіншілік халық комиссариаты коллегиясының 1923 жылғы 18 шілдедегі отырысында қаралып, сол жерде техникумды ашу қажеттілігі туралы шешім қабылданды.  Сол шешімнің негізінде 1923 жылдың

              3-ші тамызында Қазақ АССР-ның Халық комиссарлар кеңесінің жарлығымен Орынбор қаласында Өлкелік   ветеринарлық  және зоотехникалық техникумы ашылды. Техникумда алғашқыда ветеринарлық және зоотехникалық бөлімдері болды, кейін жерқатынастары бөлімі ашылды.

                        1926 жылғы 24 маусымдағы  Қазақ  АССР-ның Халық комиссарлар кеңесі отырысының шешімімен техникум Орынбор қаласынан Алматы қаласына көшіріліп,  1926-1929 жылдар аралығында Алматы ветеринарлық жерқатынастары техникумы болып аталды. 1930 жылы техникум Алматы қаласынан Әулиеата (Жамбыл) қаласына ауыстырылып, Әулиеата ветеринарлық-зоотехникалық техникумы  деп атала бастады.  Осы кезде техникумда қызмет еткен О.О.Жук, Ф.Ф.Томан, А.Т.Ралдугин, К.Просин, Г.З.Цой, У.Ступникова, И.А.Соколов,  И.Ю.Селейко, Ф.А.Снисаренко, Т.Гольдман, т.б. оқытушылар мамандар даярлауда белсенді жұмыс атқарды.

                       1932 жылы техникум  Әулиеата қаласының маңындағы 5 шақырымда орналасқан № 49 Жылқы зауытының орталығы Седовка ауылына  көшіріліп, Әулиеата жылқы техникумы болып атауын өзгертті. Седовка ауылында оқу бөлмелерінің және жатақхана тапшылығынан техникум 1935 жылы  Әулиеатаға қайта көшіріліп  жалданған ғимаратта орналасты. 1938 жылы техникумда түйе шаруашылығы мамандығының      ашылуына байланысты 1941 жылға дейін техникум Зоотехникум деп аталып жүрді. 1941 жылы   техникумда ветеринарлық бөлім құрылып, осыдан бері Жамбыл зоотехникалық ветеринарлық техникумы (ЖЗВТ) деп атала бастады.  Техникумның  Жамбыл қаласының маңында ірі оқу шаруашылығы болды.  Оқуды практикалық істермен тығыз байланыста жүргізу мақсатында, техникумның өндірістік базасы ұлғайтылды.     Техникумның оқу шаруашылығына сол замандағы алдынғы қатарлы егіншілік  технологиясы,  ауыспалы егіс жүйесі енгізіліп, ол тәжірибе облыс көлемінде таратылды. Техникум жанында егіншілік жүйесі кеңейтілді, жеміс ағаштары  отырғызылды.  Сонымен қатар мал басы көбейтіліп,  92 бас  ірі  қара  мен  50 бас бұзауға, 100 шошқаға арналған қора-жай салынды. Студенттер барлық  тәжірибелі  жұмыстарды  техникумның оқу шаруашылығында жүргізді. Оқу шаруашылығы егіншілікке қажетті техника мен құрал-саймандармен толық қамтамасыз етілді.

              ХХ ғасырдың 50-шы жылдарының басында  Жамбыл қаласында  техникумның жаңа оқу   корпусының құрылысы басталды. 1958 жылдың қазан айында техникум жаңа ғимаратқа көшті (кейін ол ғимарат Жамбылда құрылған гидромелиоративтік-құрылыстық институтына берілді).

              1961 жылы Қазақ ССР-ның Ауылшаруашылығы министрлігінің № 277 Бұйрығына сәйкес  техникум  Талас ауданының  Ақкөл ауылына қоныс аударды. Ақкөлде техникумның оқу-тәжірибе шаруашылығының болмауына байланысты оқушылар оқу тәжірибесін  Жамбыл қаласының ет комбинатында, ПОШ фабрикасында,  сүт зауытында және басқа да шаруашылықтарда өтетін болды. Сонымен қатар оқушыларды тұрақты азық-түлікпен қамтамасыз ете алмау  мәселесі де орын тапты. 

              1963 жылы  23 сәуірде  Қазақ ССР-ның Ауылшаруашылығы министрлігінің  № 93 Бұйрығымен  техникум  Ақкөлден Луговой ауылына  (қазіргі Т.Рысқұлов ауданының  орталығы Құлан ауылы) көшірілді. Осыдан бері техникум өзінің тұрақты мекеніне ие болды.

              1963 жылы  Луговой ауданының таралуына байланысты Луговой аулында біраз әкімшілік ғимараттар мен пәтерлер босатылды.  Олар техникумның қарамағына беріліп, білім беру орны оқу корпустарымен, оқушылар жатақханамен, оқытушылар пәтерлермен қамтамасыз етілді.    

              Луговой селосының маңында,  Шөңгер аймағынан,  алғашқы кезде 360 га жер бөлініп, техникумның оқу-тәжірибе шаруашылығының негізі қаланды. Онда әкімшілік және шаруашылық нысандары, үй құрылысы, мал-қоралары салынды. Техникум сапалы  кадрлармен жасақталып, оқу-өндірістік шаруа-шылығы дамып, жылдан-жылға материалдық-техникалық базасы нығайды.    

              1965 жылы  техникумда бухгалтерлік бөлімі  ашылып, «Ауылшаруашылығы өндірісін жоспарлау», «Ауылшаруашылығы өндірісінің бухгалтері» мамандықтары бойынша оқушылар қабылданды.

              1970  жылы  650  орындық  жаңа типтік  оқу корпусы             пайдалануға берілді. Оқу ғимаратында 19 оқу  бөлмесі, 18  зертхана, кітапхана, оқу,  мәжіліс, спорт  залдары және тир орналасты.  1973 жылы 632 орындық жатақхана, 110 орындық асхана салынып пайдалануға берілді. Оқу үрдісі «Львов-2» автоматтандырылған  класс, «КИСИ-4» бақылау-оқыту машинасы, «Огонек» бақылау- бағдарламалық  құрылғысы,         «Горизонт» диапроекторы сияқты, сол кездегі  алдыңғы қатарлы  техникалық оқу  құралдарымен қамтамасыз етілді.  Осы жылдары техникумның күндізгі оқу бөлімінде 1200-ге жуық, сырттай оқу бөлімінде 800-ден  астам  оқушы білім алды.

              Ауылшаруашылығына қажетті  білікті мамандар даярлауда техникум педагог кадрлардың кәсіби   өсуіне күнделікті қамқорлық жасап отырды.

              Сондықтан, оқытушылар өндірістен қол   үзбей  Мәскеудегі К.И.Скрябин атындағы малдәрігерлік және К.А.Тимирязев атындағы ауылшаруашылық   академияларындағы педагогикалық факультеттерде,  сонымен қатар Ленинград, Киев, Новосибирск, Харьков, Алматы   қалаларындағы ауылшаруашылық жоғарғы оқу орындарында педагогтық білімдерін көтерді.

              Техникум  ұстаздары Оңтүстік өңірлік ауылшаруашылғы техникумдарының  семинар-кеңестері  жұмысына үнемі белсене қатысып отырды. Осындай семинар-кеңестер Жамбыл зоотехникалық  ветеринарлық техникумның базасында да бірнеше рет ұйымдастырылды.

              Білікті мамандарды дайындаудың негізгі кезеңдерінің бірі өндірістік тәжірибе болғандықтан, 1985 жылы малдәрігерлігі мамандығының тәжірибелік алаңын  кеңейту мақсатында 100 орынға арналған типтік малдәрігерлік  клиника салынып  пайдалануға берілді.

                       Техникумда жастар тәрбиесіне, саясатына ерекше көңіл бөлінді. 1985 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 40-жылдығына орай оқу орнында ашылған Жауынгерлік даңқы мұражайы  жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеуде  зор ықпалын тигізді.             

              Жазғы демалыс айларында  техникумның студенттік құрылыс отрядтары (ССО)  еліміздің көптеген шаруашылықтарында құрылыс жұмыстарын жүргізді.

              1984 жылы  техникумның «Сұлутөр» көркем өнерпаздар ансамблі  Луговой ауданы делегациясы құрамында  Моңғол Халық республикасындағы қазақ мәдіниетінің онкүндігіне қатысты.

                          1991 жылы егемендігін алған тәуелсіз Қазақстандағы көптеген өзгерістер мен реформалар білім саласына да ықпалын тигізді. Еліміздегі орта кәсіби оқу орындарын қайта құру, оңтайландыру мәселесі техникумның алдында да қиындықтарды туындатты. Соған қарамастан техникумның  педагогикалық ұжымы  қиыншылықтарға төзеп,  оқу орнының бір қалыпты   жұмыс істеп тұруын қамтамасыз етті.                             

              1991 жылы 35 арнайы пәндер дәрісханалары мен зертханалары бар,  920 орындық  техникумның жаңа типтік оқу-лабораториялық корпусы пайдалануға берілді. Заман ағысына сай колледжде «Зооветеринария»,  «Іс қағаздарын жүргізу және    мұрағаттану», «Ауышаруашылық өнімін өндіру технологиясын ұйымдастыру»,    «Салық ісі», «Құқықтану»,  «Фермер шаруашылығын ұйымдастыру және жүргізу»,  «Әлеуметтік педагогика», «Мектепке дейінгі білім беру және тәрбиелеу», «Кәсіптік оқыту»,  «Агрономия», «Зоотехния» сияқты жаңа мамандықтыр ашылды.

              1995 жылы 12 желтоқсанда     ҚР Білім және ғылым министрлігінің  

              № 311 бұйрығына сәйкес Жамбыл зоотехникалық ветеринарлық техникумы «Құлан ауылшаруашылығы колледжі» болып атауын өзгертті. 1998 жылы колледж  жанынан  лицей ашылып, 2010 жылға дейін қызмет етті.

                        2018 жылғы Жамбыл облысы әкімдігінің № 203 қаулысымен Құлан агротехникалық колледжі деп аталады. 2020 жыл – жоғары колледж атағы берілді.

                       Құлан агротехникалық жоғары колледжі Жамбыл облысы бойынша ауылшаруашылығы саласындағы базалық колледж ретінде қалыптасқан. 2019 жылы колледждге және «Ветеринария», «Агрономия» мамандықтарына 5 жыл мерзімге аккредитация мәртебесі берілген.