ҚҰЛАН АГРОТЕХНИКАЛЫҚ ЖОҒАРЫ КОЛЛЕДЖІНЕ 100 ЖЫЛ
ОҚУ ОРНЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ
1963 жылы 23 сәуірде Қазақ ССР-ның Ауылшаруашылығы министрлігінің № 93 Бұйрығымен техникум Ақкөлден Луговой ауылына (қазіргі Т.Рысқұлов ауданының орталығы Құлан ауылы) көшірілді. Осыдан бері техникум өзінің тұрақты мекеніне ие болды.
1963 жылы Луговой ауданының таралуына байланысты Луговой аулында біраз әкімшілік ғимараттар мен пәтерлер босатылды. Олар техникумның қарамағына беріліп, білім беру орны оқу корпустарымен, оқушылар жатақханамен, оқытушылар пәтерлермен қамтамасыз етілді.
Луговой селосының маңында, Шөңгер аймағынан, алғашқы кезде 360 га жер бөлініп, техникумның оқу-тәжірибе шаруашылығының негізі қаланды. Онда әкімшілік және шаруашылық нысандары, үй құрылысы, мал-қоралары салынды. Техникум сапалы кадрлармен жасақталып, оқу-өндірістік шаруашылығы дамып, жылдан-жылға материалдық-техникалық базасы нығайды.
1965 жылы техникумда бухгалтерлік бөлімі ашылып, «Ауылшаруашылығы өндірісін жоспарлау», «Ауылшаруашылығы өндірісінің бухгалтері» мамандықтары бойынша студенттер қабылданды.
1970 жылы 650 орындық жаңа типтік оқу корпусы пайдалануға берілді. Оқу ғимаратында 19 оқу бөлмесі, 18 зертхана, кітапхана, оқу, мәжіліс, спорт залдары және тир орналасты. 1973 жылы 632 орындық жатақхана, 110 орындық асхана салынып пайдалануға берілді. Осы жылдары техникумның күндізгі оқу бөлімінде 1200-ге жуық, сырттай оқу бөлімінде 800-ден астам студенттер білім алды.
Ауылшаруашылығына қажетті білікті мамандар даярлауда техникум педагог кадрлардың кәсіби өсуіне күнделікті қамқорлық жасап отырды. Сондықтан, оқытушылар өндірістен қол үзбей Мәскеудегі К.И.Скрябин атындағы малдәрігерлік және К.А.Тимирязев атындағы ауылшаруашылық академияларындағы педагогикалық факультеттерде, сонымен қатар Ленинград, Киев, Новосибирск, Харьков, Алматы қалаларындағы ауылшаруашылық жоғарғы оқу орындарында педагогтық білімдерін көтерді.
Техникум ұстаздары Оңтүстік өңірлік ауылшаруашылғы техникумдарының семинар-кеңестері жұмысына үнемі белсене қатысып отырды. Осындай семинар-кеңестер Жамбыл зоотехникалық ветеринарлық техникумның базасында да бірнеше рет ұйымдастырылды.
Білікті мамандарды дайындаудың негізгі кезеңдерінің бірі өндірістік тәжірибе болғандықтан, 1985 жылы малдәрігерлігі мамандығының тәжірибелік алаңын кеңейту мақсатында 100 орынға арналған типтік малдәрігерлік клиника салынып пайдалануға берілді.
Техникумда жастар тәрбиесіне, саясатына ерекше көңіл бөлінді. Жазғы демалыс айларында техникумның студенттік құрылыс отрядтары (ССО) еліміздің көптеген шаруашылықтарында құрылыс жұмыстарын жүргізді.
1984 жылы техникумның «Сұлутөр» көркем өнерпаздар ансамблі Луговой ауданы делегациясы құрамында Моңғол Халық республикасындағы қазақ мәдіниетінің онкүндігіне қатысты.
1991 жылы егемендігін алған тәуелсіз Қазақстандағы көптеген өзгерістер мен реформалар білім саласына да ықпалын тигізді. Еліміздегі орта кәсіби оқу орындарын қайта құру, оңтайландыру мәселесі техникумның алдында да қиындықтарды туындатты. Соған қарамастан техникумның педагогикалық ұжымы қиыншылықтарға төзеп, оқу орнының бір қалыпты жұмыс істеп тұруын қамтамасыз етті.
1991 жылы 35 арнайы пәндер дәрісханалары мен зертханалары бар, 920 орындық техникумның жаңа типтік оқу-лабораториялық корпусы пайдалануға берілді. Заман ағысына сай колледжде «Зооветеринария», «Іс қағаздарын жүргізу және мұрағаттану», «Ауышаруашылық өнімін өндіру технологиясын ұйымдастыру», «Салық ісі», «Құқықтану», «Фермер шаруашылығын ұйымдастыру және жүргізу», «Әлеуметтік педагогика», «Мектепке дейінгі білім беру және тәрбиелеу», «Кәсіптік оқыту», «Агрономия», «Зоотехния» сияқты жаңа мамандықтыр ашылды.
1995 жылы 12 желтоқсанда ҚР Білім және ғылым министрлігінің
№ 311 бұйрығына сәйкес Жамбыл зоотехникалық ветеринарлық техникумы «Құлан ауылшаруашылығы колледжі» болып атауын өзгертті.
1998 жылы колледж ісі жалғасын табу үшін үзіліссіз даярлап оқыту мақсатымен колледж жанынан лицей ашылды (2010 жылға дейін қызмет етті).
Жамбыл облысы әкімдігінің 2015 жылдың 29 сәуіріндегі №83 қаулысына сәйкес Құлан ауылшаруашылығы колледжі, оған №4 Құлан колледжін қосу жолымен қайта ұйымдастырылды.
Жамбыл облысы әкімдігінің 2018 жылғы 24 қазан №203 қаулысына сәйкес Құлан агротехникалық колледжі болып ауыстырылды.
Жамбыл облысы әкімдігінің 2019 жылдың 20 тамызындағы №173 қаулысына сәйкес Құлан агротехникалық колледжі, оған №18 Ақыртөбе колледжін қосу жолымен қайта ұйымдастырылды.
Жамбыл облысы әкімдігінің 2020 жылғы 31 қаңтардағы №12 қаулысына сәйкес Құлан агротехникалық колледжіне «Жоғары колледж» статусы беріліп, аталуы Құлан агротехникалық жоғары колледжі болып ауыстырылды.